фото: Dalanews.kz
Қоғамда үлкен талқы тудырған Шерзат Полаттың өліміне байланысты іс бойынша сотталған Думан Ысқақ темір тордан босап шықты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бұл туралы марқұм Шерзат Полаттың ісін жүргізген адвокат Мейірман Шекеев мәлімдеді.
"Аталған іс бойынша апелляциялық сот отырысы 2025 жылдың 18 тамызы күні, сағат 11:00-де Алматы облысының сот ғимаратында өтеді. Сонымен қатар, Думан Ысқаққа қатысты бірінші сатыдағы сот үкімімен тағайындалған жаза мерзімі толық өтелгендіктен, 2025 жылғы 23 шілдеде судья Мұсабекованың қаулысымен бұлтартпау шарасы алынып тасталып, ол бостандыққа шығарылды", – деді заңгер.
Еске салсақ, Думан Ысқақ Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс аясында Қылмыстық кодекстің 434-бабы – «Ауыр қылмыс туралы хабарламау» бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай мерзімге сотталған болатын. Тергеу изоляторында өткізген уақыты жаза мерзіміне есептеліп, ол жазасын өтеп шықты.