"45 жылдан бері алтынсыз келеміз": қазақ күресін құтқаратын қаһарман қашан шығады?

"45 жылдан бері алтынсыз келеміз": қазақ күресін құтқаратын қаһарман қашан шығады?

фото: Тұрар Қазанғапов/ҰОК. Суретте: Демеу Жадыраев

Париж Олимпиадасынан кейін грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері ауысқан еді. Юрий Мельниченко өз еркімен қызметінен кеткен соң, бұл лауазым біраз уақыт бос тұрған. Тек жуырда ғана ұзақ жылдар бойы жасөспірімдер мен жастар құрамасын жаттықтырған Қонысбек Төкенов ресми түрде ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалды. Sportbugin.kz тілшісі жаңа бапкермен сұхбаттасып, жоспарлары жайында білді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

"Ұлттық құрамаға бас бапкер ретінде бекітілгеніммен, бұл сала маған жат емес. Күрес әлемінде жүргеніме талай жыл болды. Қазіргі құрамада өнер көрсетіп жүрген балуандардың көпшілігі менің көз алдымда өскен. Жасөспірімдер мен жастар құрамасында жинаған тәжірибем ұлттық құрамада да кәдеге жарайды деп сенемін", – деді Төкенов.

Жаңа бас бапкердің басты мақсаты – Олимпиада чемпионын тәрбиелеу. Ол грек-рим күресінен соңғы әлем чемпионатының алтын медаліне 1999 жылы Мхитар Манукян, ал 1998 жылы Бақтияр Байсейітовтің қол жеткізгенін еске салды. Бірақ Олимпиада алтынына келсек, бұл жетістік қазақ балуандарына соңғы 45 жыл бойы бұйырмай келеді.

"Демеу Жадыраев алтынға өте жақын болды, бірақ сәл ғана жетпей тоқтады. Бұл біз үшін ауыр соққы болды. Бірақ дәл осындай сәттер бізге үлкен мақсаттар қоюға себеп болады", – дейді бапкер.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы Венгрияда өткен рейтингілік турнирден үш медальмен оралды. Марлан Мұқашев (55 келі) – күміс, Ержет Жарылқасын (63 келі) мен Әлімхан Сыздықов (130 келі) – қола медаль иеленді.

Бұдан бөлек, бапкер құраманың үшінші-төртінші нөмірлі балуандары Германия мен Польшада өтетін халықаралық жарыстарға қатысатынын айтты. Олимпиададан кейін біраз үзіліс алған Демеу Жадыраев та енді қайтадан кілемге оралады.

"Жадыраев пен Тұрсынов сынды тәжірибелі спортшылар бізге өте қажет. Олар жас буын үшін үлгі әрі команда ішіндегі бәсекені арттырады. Сол себепті біз резервті де қатар алып, оларға да үлкен мән беретін боламыз", – деп түйіндеді Қонысбек Төкенов.