"Ұят жағдай": Министр көше сыпырып жүрген чемпион үшін федерацияны сынады

"Ұят жағдай": Министр көше сыпырып жүрген чемпион үшін федерацияны сынады

фото: ашық дереккөзден. Суретте: Айсара Керімбекова

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов көше сыпыруға мәжбүр болған белгілі спортшы Айсара Керімбекованың жағдайына байланысты алаңдаушылық білдірді, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Министр бұл оқиғада Самбо федерациясының тарапынан нақты және уақтылы шаралар қабылданбағанын қатаң сынға алды.

Министрдің айтуынша, елімізде 100-ден астам спорттық федерация жұмыс істейді және олардың барлығына мемлекеттен тиісті қаржылай қолдау көрсетіледі. Соған қарамастан, кейбір федерациялар өз міндетін дұрыс атқармай отыр.

"Ел абыройын асқақтатқан апамыздың мұндай халге түсуі – ұят. Бұл жағдайдың анықталғанына бір айдан асты, бірақ реакция төмен. Мұнда Самбо федерациясының мүшелері мен Алматы қаласының басқарма басшылары бар ма? Бізде үлкен жетістіктерге жеткен ардагер спортшылар бар, олар көп емес. Ендеше неге сол жандарға тиісті қолдау көрсетілмейді? Федерация өкілдері аймақтарды аралап, жаттығу әдістемелерін әзірлеуі тиіс. Егер олар мұнымен айналыспаса, онда ондай федерациялардың бізге қажеті қанша?" – деді Ербол Мырзабосынов.

Министр өз сөзінде федерациялардың ардагер спортшыларға қамқорлық танытып, тек жарыс емес, әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан да жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.