"Маған ақша қызық емес": Сәкен Бибосынов жұрт алдында батыл мәлімдеме жасады

"Маған ақша қызық емес": Сәкен Бибосынов жұрт алдында батыл мәлімдеме жасады

фото: Ben McShane/Sportsfile via Getty Images. Суретте: Сәкен Бибосынов

Қазақтың үміт артар боксшысы Сәкен Бибосынов Қырғызстанда өткен алғашқы кәсіби жекпе-жегінде айқын жеңіске жетіп, осы кездесуге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Спортшының айтуынша, кездесудің нәтижесі дайындығында жоспарланған тактикамен толық сәйкес келді:

"Жекпе-жек біз күткендей өтті. Дайындық барысында бауырға бағытталған соққыны ерекше жаттықтырдық. Бірінші раундта сол соққымен қарсыласымды нокдаунға түсіру жоспары болған. Барлығы ойдағыдай жүзеге асты", – дейді Бибосынов.

Оның айтуынша, қарсыласы – тәжірибелі филиппиндік спортшы — алдын ала жан-жақты зерттелген. Жеңіс тек өзінің емес, бапкерлері мен жанкүйерлердің, сондай-ақ жекпе-жекті ұйымдастырған жапондық промоутерлердің де көңілінен шыққан.

"Промоутерлер бірден келесі жекпе-жек туралы ұсыныс жасады. Бірақ мен бұл шешімді өз бетімше қабылдай алмаймын. Себебі әлі де ұлттық құраманың мүшесімін. Сондықтан барлығы Қазақстан бокс федерациясы мен бас бапкердің рұқсатымен жүзеге асады. Бапкерім екі бағытты қатар алып жүруге болады деп отыр", – деді ол.

Сәкеннің айтуынша, жапондық ұйымдастырушылар оған болашағы зор ұсыныстар жасаған. Олар оны әлемдік рейтингте жылдам көтеруге көмектесуге дайын екендіктерін білдірген.

"Маған алғашқы 2-3 кездесуден кейін Азия чемпионы атағына, ал одан кейінгі жекпе-жектерде әлем чемпиондығы белбеуіне таласу мүмкіндігі барын айтты. Бірақ бұл – болашақтың еншісіндегі жоспар", – дейді спортшы.

Кәсіби бокстың басты сипаттарының бірі – қаржылай табыс. Алайда Бибосынов үшін басты құндылық – нәтиже.

"Мен үшін маңыздысы – жетістік. Ақша емес, нәтиже қызық. Кәсіби немесе әуесқой болсын, бастысы – үздік нәтиже көрсету", – дейді ол.

Айта кетейік, Сәкен Бибосынов – 2021 жылғы әлем чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері. Оның жеке бапкері – әйгілі жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов.