фото: Alash.kz коллажы
Марқұм Айзат Жұманованың анасы Салтанат Жұманова қызының жұмбақ өліміне қатысты алғаш рет ашық пікір білдірді. Бұл туралы ол журналист Руслан Өтепбайға берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Сұқбат барысында журналист тарапынан:
"Әлеуметтік желіде қызыңызды аттың құйрығына байлап өлтірді деген ақпарат тарады. Бұл қаншалықты шындық?" – деген сұрақ қойылды.
Анасы бұл әңгіменің нақты дәлелі жоқ екенін, дегенмен қызындағы жарақаттарға қарап, мұндай қорытындыға өздері келгенін жасырмады:
"Мен оны нақты білмеймін. Оны көзімен көрген ешкім жоқ. Кім шындықты айтады дейсің? Біз солай деп ойлаған себебіміз – қызымның екі қолы, екі тізесі, саусақтары қатты жараланған. Соған қарап отырып осындай ойға келдік. Бірақ нақты бір дерекке жете алмай отырмыз", – деді көзіне жас алған ана.
Сондай-ақ, ол марқұмның қайын жұрты тарапынан да мардымды жауап ала алмай жүргенін жеткізді:
"Құдағи ештеңе айтпайды. Сұрасам, "білмейміз" дейді. Сол үшін де жанымыз тыныш емес", – дейді Салтанат Жұманова.