"Жапондар да риза": Айтжанов шәкірті Бибосыновтың кәсіби бокстағы дебюті туралы айтты

"Жапондар да риза": Айтжанов шәкірті Бибосыновтың кәсіби бокстағы дебюті туралы айтты

фото: Ben McShane/Getty Images. Суретте: Сәкен Бибосынов

Белгілі бапкер, бокстан ұлттық құраманың экс-жетекшісі Мырзағали Айтжанов шәкірті Сәкен Бибосыновтың кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісі туралы пікір білдірді. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Сәкен Бибосынов кәсіби мансабын сәтті бастады. Ол Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен бокс кешінде филиппиндік қарсыласы Кристиан Леганені ауыр нокаутпен жеңіп, жанкүйерлер мен сарапшылардың жоғары бағасына ие болды.

"Бішкектегі кеш өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жанкүйерлер мықты жекпе-жектердің куәсі болды. Сәкен бұл кездесуге тиянақты дайындықпен келді. Қарсыласы да мықты. Жалпы, филиппиндік боксшылар ешқашан осал болмаған. Соған қарамастан, Сәкен шеберлігін толық көрсете алды. Олимпиада мен әлем чемпионаттарының көрігін көрген тәжірибелі спортшы екені байқалды", – дейді Айтжанов.

Мырзағали Айтжановтың айтуынша, Сәкеннің бұл жеңісі шетелдік промоутерлердің де көңілінен шыққан.

"Ұйымдастырушылар өте риза. Жеңісті дебюттен соң олар Сәкенмен әрі қарай жұмыс істеуге ынталы. Бұл да – үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, Сәкеннің туған ағасы жаттықтырушы ретінде оның бұрышында болды. Және де Қанат Алтаевтың да еңбегін ерекше атап өтер едім. Ол ауыр салмақта көп жыл бойы өнер көрсеткен, тәжірибелі маман. Осы жолы Сәкенді дайындауға елеулі үлес қосты", – деді бапкер.

Сондай-ақ, Айтжанов қазіргі таңда әуесқой және кәсіпқой боксты қатар алып жүрудің тиімді жолға айналғанын атап өтті. Бұл бағытта өзбек спортшылары да белсенділік танытып отыр. Қазақстандық боксшылар да осы тәжірибені қолданып көруде.

Айта кетейік, Сәкен Бибосынов – 2021 жылғы бокстан әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының және 2019 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері.