фото: olympic.kz. Суретте: Ризабек Айтмұхан
Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан қазіргі уақытта Осетияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Алайда "Мир борьбы" Telegram арнасының хабарлауынша, ол жаттығу барысында осетиндік жас балуан Алихан Кцоевтен ірі есеппен жеңіліп қалды.
"Әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан алдағы әлем чемпионатына Осетияда дайындалып жатыр. Оның қазіргі физикалық және спорттық бабында екені әзірге белгісіз. Бірақ бүгінгі кездесуде ол Алихан Кцоевтен ірі есеппен ұтылды. Айта кетсек, Алихан 9 тамызда өтетін Еуропа чемпионы Алихан Жабраиловпен жекпе-жекке дайындалуда", – делінген Telegram арнада.
Еске салайық, Ризабек Айтмұхан бұған дейін 92 келі салмақта әлем чемпионы атанған болатын. Қазіргі таңда ол Олимпиада бағдарламасына енетін 97 келі салмақта белдесіп жүр.