фото: FR
Қазақстанда енді үйінің ауласында кілем жуып, лас суды төккендерге айыппұл салынады.
Құзырлы органның мәлімдеуінше, мұндай құқық бұзушылықтар тек жоспарлы тексеріс кезінде ғана емес, азаматтардың шағымдары негізінде де тіркеліп жатыр. Аулада кілем жуу, жуғыш заттарды пайдалану кезінде пайда болатын жағымсыз иіс, химиялық заттардың қоршаған ортаға зияны мен көгалдарды бүлдіру – санитарлық нормаларға қайшы әрекет ретінде қарастырылады. Мұндай заңбұзушылық үшін Қазақстанда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
2025 жылғы есеп бойынша жеке тұлғалар үшін айыппұл көлемі 20 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, яғни шамамен 78 000 теңге. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға бұл сома 30 АЕК немесе шамамен 118 000 теңге болады. Орта бизнеске салынатын айыппұл 40 АЕК – 157 280 теңге, ал ірі кәсіпкерлер үшін бұл көрсеткіш 100 АЕК, яғни 393 200 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Бұл ережелер көпқабатты үй аулалары мен жеке тұрғын үйлердің маңында тазалықты сақтау, көрші-қолаңның тыныштығын бұзбау және экологиялық нормаларды ескеру мақсатында енгізіліп отыр. Заң талабын бұзған жағдайда тұрғындар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлеуге міндеттеледі.