фото: Azattyq Rýhy коллажы. Суретте: Нұрсұлтан Назарбаев пен қыздары
Назарбаевтар әулетіне етене жақын адамдардың бірі, белгілі дінтанушы әрі қоғам қайраткері Бейбіт Сапаралы "Sadaq" медиа агенттігінің "Дүрбі" алаңына берген сұхбатында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарына ренішін білдіргенін айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Сапаралының айтуынша, Назарбаев 2014–2015 жылдардан бастап туыстарына қатаң ескерту жасаған.
"Нұрсұлтан Назарбаев өзінің айналасына, туыстарына 2014-2015 жылдан бастап: "Ештеңеге араласпаңдар, ештеңеге бармаңдар, біреудің бір нәрсесін тартып алмаңдар, әлімжеттік жасамаңдар. Біздің атағымызды пайдаланып, бір нәрсе істемеңдер", – деп қатты айта бастады", – деді ол.
Сондай-ақ дінтанушы COVID-19 індетінен кейінгі уақытта болған оқиғаларды да еске алды. Болат Назарбаевтың жұбайының қайтыс болуы, экс-президенттің денсаулығының сыр беруі сияқты жайттар сол кезеңге тұспа-тұс келген.
"Сол кезде Елбасының өзі болған бір отырыста: інісі Болат, қарындасы Әнипа, және Самат та қатысқан екен. Қайрат Сатыбалды ол кезде түрмеде отырған. Сол жерде ол кісі (Назарбаев) іште жиналған ренішін ашық айтыпты. "Сендер мынадай нәрсені істедіңдер, мына жерде осындай ақау жібердіңдер. Маған сөз келтіріп жатсыңдар. Маған жақсылық жасаудың орнына, сөз келтіріп жатсыңдар. Мен қанша рет ескерттім?" – деп қатты ашуланған екен", – деп жеткізді Сапаралы.