Бекзад Нұрдәулетовке Маңғыстау облысы 5 миллион теңге көлемінде сыйақы берді

Бекзад Нұрдәулетовке Маңғыстау облысы 5 миллион теңге көлемінде сыйақы берді

фото: olympic.kz. Суретте: Бекзад Нұрдәулетов

Маңғыстау облысында бокстан World Boxing Әлем кубогының жеңімпазы Бекзад Нұрдәулетовке ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев пен Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов халықаралық жарыста ел намысын жоғары деңгейде қорғаған спортшыны құттықтап, 5 миллион теңге көлемінде сыйақы табыстады.

"Облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлы жастарға, оның ішінде спортшыларға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Бекзад — Маңғыстау спортының жарқын жұлдыздарының лайықты жалғастырушысы. Қазақ боксы бүгінде әлемге танылып отыр. Олимпиада сияқты ірі додаларда да ел намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз", – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.

Боксшының бұл жетістігіне елеулі үлес қосқан жаттықтырушысы Жолдасов Абу да назардан тыс қалмады. Ол 1 миллион теңге көлемінде сыйақымен марапатталды.

Айта кетейік, Бекзад Нұрдәулетов 30 маусым мен 6 шілде аралығында Астанада өткен Әлем кубогында Ұлыбритания, Түркия және Үндістан боксшыларын сенімді түрде жеңіп, чемпион атанды.

Еске сала кетейік, ол 2019 жылы бокстан әлем чемпионы, ал 2024 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатының жеңімпазы атанған болатын.