фото: Freepik
Қоғамдағы отбасы институтының негізі – ер мен әйел арасындағы өзара түсіністік пен міндеттерді дұрыс атқаруға байланысты. Осы орайда, практик-психолог Бану Маратқызы өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында ерлі-зайыптылардың бір-біріне қатысты ақылары туралы тұшымды ойларымен бөлісті. Оның пайымдауынша, отбасылық қатынаста әр тараптың өз міндеттері мен жауапкершілігі нақты айқындалуы тиіс.
Әйелдің еріне беретін ақысы қандай?
Бану Маратқызының айтуынша, әйел адамның ер азаматқа беретін ақысы – бұл оның күнделікті тұрмыста атқарып жүрген шаруалары:
- Үйге ас әзірлеуі;
- Үй шаруасымен айналысуы;
- Балаларға қарауы, олардың күтімін қамтамасыз етуі;
- Киім-кешекті таза ұстауы, үй ішінің жайлылығына көңіл бөлуі.
Бұл әйел адамның еріне көрсетіп отырған қызметі әрі ақысын өтеп жатқаны болып есептеледі.
Ер азаматтың әйел алдындағы жауапкершілігі қандай?
Ал ер адамның міндетіне мыналар кіреді:
- Әйелін киіндіру;
- Қажетті заттарымен қамтамасыз ету;
- Оны қауіп-қатерден қорғау;
- Үй ішіндегі алаңдаушылық тудыратын істерді өз мойнына алу.
Яғни, ер адам – отбасының тірегі. Ол тек материалдық қамтамасыз етуші емес, рухани дем беруші де болуы керек. Осы істердің барлығы ер азаматтың әйелге деген ақысы болып саналады.
"Ақысына кіріп кетпеу" деген не?
Психологтың айтуынша, қазақы танымда "біреудің ақысына кіру" деген ұғым бар. Бұл – біреудің еңбегін бағаламау, оның тиесілі сыйын бермеу деген сөз. Егер ер адам әйелінің атқарып жатқан жұмыстары мен қажетін ескермей, оларды "тек әйелдің міндеті" деп қана қабылдап, оған дұрыс жағдай жасамаса, ол әйелдің ақысына кірген болып саналады.
Осының салдары ретінде ер адамның өмірінде түрлі қиындықтар туындауы мүмкін:
- Жұмыссыз қалуы;
- Қаржылық тоқырауға ұшырауы (кредит, шығындардың өсуі);
- Денсаулығының нашарлауы.
Неліктен әйелдер ақша сұрағысы келмейді?
Көп жағдайда әйел адам өзінің қажеттілігін еріне айтуға ұялады немесе ыңғайсызданады. Егер әйел қажетті заты үшін жалынуға мәжбүр болса, ер адам ол қажеттілікті "өз еркімен берген" болып саналмайды. Себебі бұл жағдайда әйел өзін әлсіз, дәрменсіз сезінеді, бұл оның ішкі жан дүниесіне теріс әсер етеді. Әйел еріне іштен реніш білдіріп, оның мейіріміне деген сенімі азаяды.
Ер азаматқа ұсыныс: әйелдің ақысын сұратпай өтеу – сауап
Психолог Бану Маратқызы бұл мәселеде ерлерге нақты кеңес береді:
"Ер адам әйелінің қажеттілігін алдын ала біліп, оны ашуланбай, ренжімей, ішкі қарсылықсыз, тек Алланың разылығы үшін беруді үйренуі тиіс".
Бұл – отбасы тыныштығының, әйелдің ішкі тыныштығы мен ер азаматтың рухани өсуінің негізі.