фото: instagram.com/boxingkazakhstan. Суретте: Төрехан Сабырхан
Боксшы Төрехан Сабырхан Қазақстанның жастар құрамасы (U-22) сапына Азия чемпионатына қатысу үшін енбей қалды, деп Sportinside.kz тілшісі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық құрама Таиландтың Бангкок қаласында өтетін бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатына қатысатын боксшылар тізімін бекітті.
"Чемпионат алдында біз Қырғызстан құрамасымен Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бұл жолы ұлттық құрамадан да боксшылар тартылды. Әр салмақта әділ іріктеу үшін спаррингтер ұйымдастырдық. Бәсекелестік өте жоғары деңгейде өтті. Құрамаға енген барлық спортшылар Таиланд рингінде жүлде үшін күресуге дайын", — деді Қазақстанның жастар құрамасының бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев.
Бұған дейін Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов ұлттық құрама мүшесі Төрехан Сабырхан U-22 құрамына қосылуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Төрехан Сабырхан – жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионатында төрт рет чемпион атанған алғашқы боксшы. Алайда ол ұлттық құраманың соңғы тізіміне енбей қалды.
Екі ай бұрын Шри-Ланкада өткен жарыста Бақыт Сәрсекбаевтың командасы 10 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алған болатын. Алайда бұл жолы құрам айтарлықтай өзгерген. Бұрынғы құрамнан тек үш спортшы қалды: Нұрислам Қалдыбаев (60 кг), Аман Қонысбеков (75 кг) және Азатбек Жолдасхан (85 кг). Қалғаны – ұлттық құраманың өкілдері.
Айта кетейік, Азия чемпионаты 30 шілде мен 12 тамыз аралығында Бангкокта (Таиланд) өтеді. Бұл жарысқа 25 елден 396 боксшы (237 ұл, 159 қыз) қатысады.