Рақымшылыққа Шерзат Полат ісіндегі бір сотталушы ілінуі мүмкін

Рақымшылыққа Шерзат Полат ісіндегі бір сотталушы ілінуі мүмкін

фото: Alash.kz

Шерзат Полат ісі бойынша сотталғандардың бірі – кәмелетке толмаған Думан Ысқақ рақымшылыққа ілінуі мүмкін. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Абзал Құспан пікір білдірді.

«Шерзат Полат ісін бәріміз қарадық. Ол жерде адам өліміне әкеліп соққан іс болғандықтан рақымшылық актісі қолданылмайды. Қалай болған күннің өзінде, егер бап адам өліміне алып келсе – бұзақылық немесе басқа қылмыс болса да – рақымшылыққа ілінбейді. Бірақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы – қылмысты хабарламау бойынша жауапқа тартылса, ондай бапта рақымшылық қарастырылуы мүмкін», – деді депутат.

Думан Ысқақтың ісі

Думан Ысқақ – Шерзат Полаттың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша кәмелетке толмаған сотталушы.

Ол ҚР ҚК-нің 434-бабы бойынша («Ауыр қылмыс жасалғанын хабарламау») 1,5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Изоляторда отырған бір күні екі күнге тең есептеледі, бұл – жазаны өтеу мерзімін қысқартуы мүмкін.

Неліктен рақымшылыққа ілінуі мүмкін?

Рақымшылық туралы заңнамаға сәйкес, адам өліміне себеп болған тікелей қылмыстарға рақымшылық жүрмейді. Бірақ қылмысты жасыру немесе хабарламау секілді жанама сипаттағы баптар бойынша жазаланғандарға жеке тәртіппен рақымшылық қаралуы мүмкін.

Абзал Құспанның айтуынша, дәл осындай жағдай Думан Ысқаққа қатысты туындап отыр. Ол қылмысқа тікелей қатыспаған, тек қылмысты хабарламағаны үшін жазаға тартылған.