фото: Фото: СыртМин; Коллаж: Ertenmedia
Саясаттанушы Ербол Еділов премьер-министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің кәсіби біліктілігіне жоғары баға беріп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Сарапшының айтуынша, Мұрат Нұртілеу – тәжірибесі мол, саясат сахнасында белсенділік танытып жүрген, кәсіби кемеліне келген тұлға. Алматы қаласында дүниеге келген ол – Ұлы жүздің Суан руының өкілі. Жасы небәрі 49-да болса да, саясатқа ерте араласып, дипломатия мектебінен өткен.
"Суандар – Жетісу өңірінің байырғы тұрғындары, жоңғар шапқыншылығына қарсы тұрған ержүрек рулардың бірі", – деп атап өтті Еділов.
Нұртілеудің еңбек жолы қарапайым референт қызметінен басталған. Кейін ол Малайзиядағы дипломатиялық миссияда, сондай-ақ Азия және Африка департаментінде жауапты қызметтер атқарды.
Саяси мансабында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен тығыз байланыста болған Мұрат Әбуғалиұлы оның сенімді серіктерінің біріне айналды. Бұл серіктестік Сыртқы істер министрлігі мен Сенаттан басталып, Швейцария мен Финляндиядағы елшілік қызметке ұласып, Ақордада өз жалғасын тапты.
Еділовтің айтуынша, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы Нұртілеудің саяси аренадағы салмағын арттырған маңызды кезең болды. Сол тұста ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып, Президент Тоқаевтың сеніміне ие болғанын көрсетті. Кейін Президент әкімшілігінің жетекшісі ретінде ел ішіндегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде белсенді рөл атқарған.
2023 жылдың сәуір айында Нұртілеу Сыртқы істер министрі әрі премьер-министрдің орынбасары лауазымына тағайындалып, сыртқы саясаттағы жауапкершілік аясы айтарлықтай кеңейді. Бір жыл ішінде 23 шет елге іссапар жасап, 24 мемлекеттің жоғары деңгейлі делегациясын қабылдады. Ол АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропа және Таяу Шығыс елдерімен күрделі келіссөздер жүргізіп, Қазақстан мүддесін сенімді түрде қорғап шықты.
"Мұрат Әбуғалиұлы – Лавровпен де, Рубиомен де тең дәрежеде сөйлесе алатын кәсіби дипломат. Ол қай платформада болсын ел атынан сенімді түрде келіссөз жүргізе алады", – дейді саясаттанушы.
Кей жағдайларда, Мемлекет басшысы уақыт тапшылығына байланысты шетелдік әріптестерімен кездесе алмаған сәттерде, стратегиялық келіссөздерді жүргізу жауапкершілігі тікелей Нұртілеуге жүктелетінін де атап өтті.
Соған қарамастан, Еділов отандық ақпарат құралдарының Нұртілеудің еңбегін жеткілікті деңгейде бағаламай отырғанына алаңдаушылық білдіреді.
"Қазақ медиасы Мұрат Әбуғалиұлының жұмысына терең мән бермей отыр. Тек белгілі бір жағдай туындағанда ғана ол туралы жазады. Алайда әр келіссөз, әр кездесу – бұл министр мен оның командасының күн сайын атқарып отырған жүйелі әрі тынымсыз еңбегінің нәтижесі", – дейді ол.
Саясаттанушының айтуынша, Мұрат Нұртілеудің саяси жолы әлі енді ғана шын мәнінде басталып келеді.
"Ол әлі елуге толған жоқ. Оның мемлекет қайраткері ретінде әлеуеті зор, әрі болашақта ел мүддесі үшін көп істің басында тұруға мүмкіндігі мол", – деп түйіндейді Ербол Еділов.