фото: Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Бекзад Нұрдәулетов
Бокстан әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов алғаш рет қолына қолғап алып, спортпен шұғылданған кезін еске алды, деп Sportinside.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бокспен айналысуға алғаш жол ашқан – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Батырбек Жайлыбаев болды. Бұл атақты ол 30-дан енді асқан шағында алған. Жаттығулар Рахмет Өтесінов атындағы спорттық-сауықтыру кешенінде өткен. Бекзад Нұрдәулетов Батырбек Жайлыбаевтың жетекшілігімен шамамен жеті жыл бойы жаттыққан.
Спортшының айтуынша, әкесі бастапқыда ұлының кәсіби спортшы болатынын тіпті ойламаған. Оның боксқа қатысты өз уәжі болған.
"Менің қарындасым мен інім бар. Әкем менің олар үшін тұрып бере алатындай мықты болсын деді", – деп еске алды Бекзад Нұрдәулетов.
Айта кетейік, бала кезінде Бекзадқа өз ортасында өзін-өзі қорғауға тура келген сәттер болған. Алайда ата-анасын ренжіткісі келмегендіктен, ондай оқиғалар жайлы жиі айтпаған.
Бекзад Нұрдәулетовтің айтуынша, анасы ұлының қатысуымен өтетін жарыстарды әлі күнге дейін көруге жүрегі дауаламайды екен.