фото: FABRICE COFFRINI/AFP via Getty Images. Суретте: Александр Бублик
Александр Бублик Швейцарияда өткен турнирде чемпион атанғаннан кейін әлемдік рейтингтегі үздік 30 теннисшінің қатарына қайта енді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бүгін, 21 шілдеде ATP (Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы) ұйымының ресми сайтында әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасы жарияланды.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик төрт сатыға жоғарылап, әлемнің 30-ракеткасы атанды. Бұл жетістікке оның Гштаад қаласында өткен ATP 250 санатындағы турнирде топ жаруы себеп болды. Бұл жеңісі үшін Бублик 250 ұпай еншілеп, жалпы 1825 ұпаймен рейтингте жоғарылады.
Екінші қазақстандық теннисші Александр Шевченко керісінше, тоғыз сатыға төмендеп, қазіргі таңда әлемдік рейтингте 110-орында тұр.
Әлемдік рейтингтің көшін әлі де италиялық Янник Синнер бастап келеді. Екінші орында – испаниялық Карлос Алькарас, ал үздік үштікті германиялық Александр Зверев түйіндеп тұр.