Бишімбаев түрмеде тіл үйреніп, шахмат ойнауды меңгеріп жүр

Бишімбаев түрмеде тіл үйреніп, шахмат ойнауды меңгеріп жүр

фото: Ulysmedia коллажы. Суретте: Қуандық Бишімбаев

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев темір тордың ар жағындағы уақытын бос өткізбей, өзін дамытуға күш салып жүр. Қазір ол ағылшын және араб тілдерін үйреніп, шахмат ойнауды меңгеріп жатыр. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлады.

Алайда, Бишімбаев қазірше ешқандай ресми жұмысқа тартылмаған. Соған қарамастан, ол еңбек етуге дайын екенін жеткізген.

Оның әпкесі Аружан әлеуметтік желідегі жазбасында Қуандықтың қазіргі жағдайы жақсы екенін айтқан. Бұған дейін сот процесі кезінде тісі ауырып жүрген экс-министр енді өзін қалыпты сезінетін көрінеді.

Қуандық Бишімбаев 2024 жылғы 13 мамырда азаматтық некедегі жарының өліміне кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын Ақмола облысындағы ҚАЖД-ның №5 мекемесінде өтеп жатыр. Бұл мекеме – аса ауыр қылмыс жасағандар үшін арналған, жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі колония. Степногорск қаласында орналасқан бұл мекеме елордадан шамамен үш сағаттық жолда.