"Жаныңыз жәннатта болсын": Тамара Асар отбасындағы қайғылы жағдайды айтты

"Жаныңыз жәннатта болсын": Тамара Асар отбасындағы қайғылы жағдайды айтты

фото: instagram/tamara_assar_official. Суретте: Тамара Асар

Эстрада әншісі Тамара Асар әлеуметтік желіде отбасындағы қайғылы жағдайды айтты. 

Өнер иесі Instagram желісіндегі ресми парақшасында жақын ағасының осыдан 40 күн бұрын өмірден озғанын қайғыра жазады.

"Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, әділеттіліктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе?" – деген Әбіш Кекілбаев ағамның сөзі бар. Адал да, әділетті жан-жағынан жақсылығын аямаған Жақсылық деген ағам осыдан қырық күн бұрын өмірден өтті.

Орденді мұнайшы, іскер басшы, жер ананың бауырында жанталаса тірлік кешкен, пенде атаулының арасында, бүкіл болмыс бітімі өзгеше жаратылған, дара тұлға, көш бастайтын кемеңгер, қол бастайтын батыр, ақыл-ойға өріс жасайтын мен үшін ғұлама Жақсылық Жанғазиев қоғам қайраткері, Қазақстан мұнай саласына еңбегі сіңген мұнайшы!

Мені үлкен өмірге тәрбиелеген сүйікті ағам, жанашырым. Мен сізді қатты жақсы көрдім. Атыңызға кір келтірмеймін деп жүргенде тұлға болып қалыптасқанымды да байқамай қалдым. Сол үшін бас ием алдыңызда.

Менің барлық жеке концерттерімнің жүру барысын, ұйымдастыруын, сценарийлерін әуелі осы кісі көреді, рұсатын беріп, бекіткеннен кейін ғана жұмыс басталатын. Сырттан маған жетекшілік ететін. Айтқан сөздерімді, өткізген шараларымның ескертулері мен мақтауларын өз әке-шешемнен кейін осы кісі мен үйіндегі Жұмағайша жеңгемнен күтетінмін...

Қисық жүрмегенім, жаманға ермегенім, қарқылдап күлмегенім, қысқа кимегенім, нәпсіні сүймегінім, бөсіп сөйлемегенім бәрі сіздерден көрген – өнегем мен тәрбием аға.

Жалы биік азаматты жаны жылы жамағат болып шығарып салдық. Лайым да елге жасаған жақсылығыңыз ұрпағыңызға қайтсын. Жаныңыз жәннатта болсын Жақсылық АҒА. Жұмағайша жеңешем, бекем болыңыз!" – деп жазды Тамара Асар.