Айтыскер, әнші, акртисалар: Психолог боп курс сатып кеткен танымалдар кім?

Айтыскер, әнші, акртисалар: Психолог боп курс сатып кеткен танымалдар кім?

фото: instagram/asmira.yermekqyzy

Соңғы жылдары Қазақстанда бір ерекше құбылыс белең алып келеді: танымал адамдар, шоу-бизнес өкілдері мен блогерлер психология мен коучинг саласына бет бұрып, түрлі ақылы курстар, марафондар өткізуге кірісті.

Бұрын тележүргізуші, әнші, айтыскер, актриса ретінде танылған тұлғалар қазір өзін-өзі дамыту, сананы өзгерту, табысқа жету туралы тренингтер өткізіп, халыққа «өмір сүрудің жаңа формасын» үйретуге көшті. Бұл – жай ғана мода ма, әлде шынайы қажеттіліктен туындаған қозғалыс па? Журналист Асмира Ермекқызы Instagram желісіндегі парақшасында осы туралы жазды.

Айнұр Тұрсынбаева – дін мен психологияны ұштастырған тұлға

Бұл тізімнің алдыңғы қатарында айтыскер ақын, тележүргізуші, бірнеше әнге сөз жазған ақын Айнұр Тұрсынбаева тұр. Соңғы жылдары ол психология мамандығы бойынша диплом алып, сол білімін түрлі онлайн курстар мен жеке тренингтерге арқау етіп жүр. Оның негізгі бағыты – түпсанамен жұмыс. Дін аясында кеңес беріп, ислам құндылықтарын психологиялық даму формаларымен ұштастырып, халыққа ерекше бағыттағы мотивациялық сабақтар өткізіп жүр.

Құралай Ханым – эзотерика мен феншуй арқылы танылған коуч

Техникалық университетті тәмамдап, біраз уақыт сол салада жұмыс істеген Құралай Ханым халық назарына алғаш болып феншуй, дұға, эзотерика туралы кеңестер беріп шықты. Instagram желісінде басқалар тек фото-видео жүктеп жүрген уақытта, ол өзінің өмірін қалай өзгерткенін айтып, оқырмандарын баурап алды. Осылайша ол коучтар толқынының басында тұрғандардың бірі болды. Бүгінде ол – өзін-өзі тануға бағытталған ілімдердің танымал насихаттаушысы.

Жанат Бақыт мистикалық бағыттағы мотивация иесі

Жанат Бақыт бұған дейін тележүргізуші, журналист, тіпті құқық қорғау органдарында баспасөз хатшысы ретінде де қызмет еткен. Қазір ол – мистикалық-психологиялық бағыттағы коуч. Оның жазған бірнеше кітабы, өткізген тренингтері бар. Әлеуметтік желідегі аудиториясы – 3 миллионнан аса оқырман. Ол көбіне рухани даму, жеке өмірді жақсарту, энергияны басқару секілді тақырыптарда кеңес береді.

Әсел Сәдуақасова әйелдерге арналған коуч

Халыққа алғаш «Дауыс International» тобының әншісі ретінде танылған Әсел Сәдуақасова кейін бірнеше киноға түсіп, режиссурамен де айналысты. Бүгінде ол – өзін «әйелдер тренері» деп таныстырады. Оның тренингтерінде басты тақырып – «өзін жақсы көру», әйелдің ішкі жан дүниесін ашу, өзін-өзі бағалау мен сүю арқылы өмір сапасын арттыру. Ол өз аудиториясын көбіне нәзік жандылар арасынан тапқан.

Жаппай коуч болуға бет алған жұлдыздар легі

Бұл құбылыс бір ғана бірнеше тұлғамен шектелмейді. Актриса Жәния Джуринская, айтыскер Мұхамеджан Тазабеков, актриса Айжұлдыз Айжанова, танымал визажистер Сения Ілиясова мен Аека Пош, әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы Фариза Төреәлі сияқты блогерлер мен медиа тұлғалар да түрлі мотивациялық бағыттағы курстар өткізіп жүр. Олар табысқа жетудің жолы, бақытты болудың сырлары, жеке өмірді реттеу, энергиямен жұмыс істеу, аффирмациялар арқылы сана өзгерту секілді тақырыптарды қаузауда.