Өткен айда 23 жасқа дейінгі балуандар арасында өткен Азия чемпионатында алтын медаль еншілеген Исхар Құрбаевқа сый-құрмет көрсетіліп, темір тұлпар сыйға тартылды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Осы бір қуанышты жаңалықты балуан Исхар Құрбаев Instagram желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеді. Бұл жазбада ол Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновпен бірге түскен суретін жариялады.
"Адал еңбек пен маңдай терді бағалап, осындай үлкен құрмет көрсеткен Нұртай Салихұлы Сабильянов бастаған Абай облысы, Аягөз ауданы, Шыңқожа батыр ауылының тұрғындарына шексіз алғысымды білдіремін! Сондай-ақ, әрдайым қолдау білдіріп, демеушілік көрсетіп жүрген Марат Алиманов ағама айрықша алғысымды айтамын! Бұл – тек сыйлық емес, ел сенімі мен ақ батаның көрінісі. Осындай қуанышты сәтке себепші болған баршаңызға Алла разы болсын! Ел үмітін ақтау – мен үшін үлкен абырой!", – деп жазды Исхар Құрбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, өткен айда Вьетнамда өткен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия чемпионатында Исхар Құрбаев алтын жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Сондай-ақ ол 2023 жылы өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 55 кг дейінгі салмақта топ жарған.