Белгілі "Жігіттер" тобының әншісі Ердос Қанаевтың жұбайы Айдана Мейірбекова көпшілікке бұрын-соңды айтпаған жан сырын ақтарды. Ол жылдар бойы отбасын күйретерлік ауыр сынақты қалай өткергенін айтты.
"Балаға өлім тілеу – ана жүрегі үшін ауыр сөз. Бірақ мен бұл сұраққа 'иә' деп жауап беруге мәжбүрмін. Тоғыз жыл бойы жалғасқан күрес, ұлымның ауыр дерті... Бұл – сырт көз түсіне бермейтін, тек бастан өткерген адам ғана шынайы ұғына алатын жағдай", – деді ол.
Айдананың айтуынша, ол осыншама уақыт бойы баласының азаппен өмір сүріп жатқанын көріп, аналық жүрекпен дұға еткен.
"Мен балама жамандық тіледім деп емес, оның қиналмай, Жаратқанның құшағында тыныштық тапқанын тіледім. Бұлайша аурумен арпалысып өмір сүргенше, Раббысының жанында болғаны дұрыс шығар деп, жүрекпен тілек еттім. Сол тілегімнен көп ұзамай, ұлым өмірден өтті. Мен бұл үшін өкінбеймін. Қайта баламның енді қиналмайтынына сенемін", – деді әншінің жұбайы.
Айдана Мейірбекова сұхбат соңында: "Мұндай сынақты ешбір анаға, ешбір отбасыға бермесін деп тілеймін", – деп ауыр естелігін аяқтады.