"Бізді қуып жатыр": әлем чемпионы атанған боксшы жігіт туған жерінде жаттығу жасай алмай жүр

15 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Сабыржан Аққалықов

Жуырда ғана бокстан Әлем кубогының кезеңінде жеңіске жетіп, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеген Сабыржан Аққалықов Қарағанды қаласына келіп қайтты. Жергілікті билік оны құттықтап, спортқа қосқан үлесін жоғары бағалады. Алайда спортшы өзінің туған қаласы – Шахтинскіде жаттығуға мүмкіндік жоқ екенін айтып, жанайқайын жеткізді, деп Sportinside.kz тілшісі Ekaraganda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Сабыржанның айтуынша, мәселе Шахтинск қаласындағы спорт кешені жайлы. Ол осы залда бұрыннан жаттыққан. Бірақ соңғы уақытта оны және бапкерін залға кіргізбей қойған.

"Кейде бір сағат жаттығу үшін 1000 теңге төлеймін. Қазір лимит қойып қойды, енді бізді қуып жатыр. Қазақстанның қай қаласына барсам да, мені залға қуана кіргізеді, суретке түседі. Ал өз туған жерімде, жертөледен шығып, Азия мен әлем чемпионы атанған залда жаттығуға мүмкіндік жоқ", – дейді ол.

Чемпионның айтуынша, оны сырттай мақтап, плакаттар жасап, "біздің чемпион" деп жариялағанымен, нақты қолдау көрсетілмей отыр.

"Жаттығуға барсам, "бізде каратисттер мен брейкдансшылар бар" деп шығарып салады. Бокстың өз залынан! Бізді шетке ысырып қояды", – деп ренішін білдірді спортшы.

Айта кетейік, Сабыржан бұл мәселені бұрын да көтерген. Әлем чемпионатының жастар арасындағы жеңісінен кейін ол қала әкіміне өтініш жасаған.

"Әкімдікке барғанда әкім: "Сабыржан, не қалайсың? Спорт бойынша көмек керек пе?" деп сұрады. Мен: "Бізге душ керек" дедім. Біз бұрын "ДЮЦ" үйірмесінде жаттығатынбыз. Олар "жасаймыз" деді, бірақ кейін орталық директоры бас тартып, душсыз қалдық", – дейді Сабыржан.

Содан бері спортшы біраз уақыт нашар жағдайдағы жаттығулармен шектелуге мәжбүр болған. Кейінірек жағдай сәл түзелсе де, ұзаққа бармаған.

Жуырда Сабыржан өзінің спорт жолы туралы деректі фильм түсірмек болған. Бірақ оны сол залға да кіргізбеген.

"Осындай қарым-қатынас қайталанған сайын, ол жерге баруға деген ниетім де сөніп барады", – дейді чемпион.

Қазіргі уақытта Сабыржан толыққанды жаттығу үшін туған қаласы Шахтинскіден Қарағандыға келуге мәжбүр. Ол мұнда Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында немесе спорт интернатында дайындалады.

Тэгтер:

Бокс Сабыржан Аққалықов Қарағанды Шахтинск спорт залы