Белгілі айтыскер ақын Сара Тоқтамыс тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында айтыс сахнасынан алыстауына не себеп болғанын алғаш рет ашық айтты. Бұл сұхбатта ол өзінің өнер жолындағы ең ауыр сәттерімен бөлісіп, ел естімеген сырын ақтарды.
Сара Тоқтамыстың айтуынша, бәрі жеті жыл бұрын Қарағандыда өткен ірі айтыстан кейін басталған.
"Сол кезде Жүрсін аға екеуміздің арамызда түсінбеушіліктер болды. Қазір ойласам, ол кісіге деген еркелігім екен. Кейін бір бағдарламада ол кісі “Сара жүлде ала алмаған соң ренжіп кетті” деп айтыпты. Бірақ жағдай мүлде басқаша еді", – дейді ақын.
Сол айтыста Сара Тоқтамыс пен Жансая Мусинаның ұпайлары бірдей болған. Бірақ финал алдында Жүрсін Ерман Жансаяға "Сен финалға шығасың" деп, Сараға "Сен шықпайсың, барып көйлегіңді ауыстыра бер" деген сөз айтқан.
"Бұрын-соңды ондай сөз естімегенмін. Тамаққа өксік тығылып, көзге жас келді. Сахнада тұрған сәтте ол кісі менің ренжігенімді сезіп, "Кейкі батырдың айтысына дайындал" деді. Бірақ мен: "Жүрсін аға, енді мені айтысқа шақырмай-ақ қойыңыз, мен айтысты қойдым" дедім де, гримерныйға барып жарты сағат жыладым", – деп еске алады Сара Тоқтамыс.
Осы оқиғадан кейін ол айтыс сахнасынан алыстап, кәсіпкерлікке бет бұрған. Алайда араға жеті жыл салып Қызылордада өткен айтысқа қайта оралып, Жүрсін Ерманға арнайы жыр арнағанын да атап өтті.
"Ол кісі сол күні келе алмады. Бірақ соған қарамастан, мен арнауымды айтып шықтым. Арқамнан бір ауыр жүк түскендей болды. Айтыстың алдында Жүрсін аға қатты науқастанып қалды. Жолдасым екеуміз жағдайын білуге бардық. Ол: "Айтысқа неге қатыспай жүрсің? Мен сені қуған жоқпын. Сол жерде жүретін адамсыңдар ғой", – деді. Мен тек: “Біз жағдайыңызды білуге келдік, бастысы аман жүріңіз", – деп жауап бердім. Сол диалогтан кейін арамызда еш реніш қалмады", – деді ақын.