Перизат Қайрат ісі: сотта Геннадий Головкиннің есімі де аталды

14 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
sportinside.kz. Суретте: Перизат Қайрат пен Геннадий Головкин

Астанада өтіп жатқан "Biz Birgemiz Qazaqstan" қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты сот ісі жалғасуда. Кезекті отырыста әйгілі қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің қолғаптары да сөз болды, деп Sportinside.kz тілшісі Taulik.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Куәгер ретінде жауап берген әйел 2021 жылдың қарашасында елордадағы Sheraton қонақүйінде өткен қайырымдылық аукционда Головкиннің қолғабын 10 миллион теңгеге сатып алғанын айтты. Оның айтуынша, бұл қаржы қордың ресми шотына банктік аударым арқылы аударылған.

"Біз бұл қор жайлы алғаш рет жаңалықтардан естідік. Ол мемлекет қолдайтын қор деп сендік. Сол себепті Перизат Қайратқа сенім арттық", – деді куәгер.

Алайда уақыт өте келе қор жұмысына қатысты күмән туа бастаған. Куәгердің айтуынша, ақшаның нақты қайда жұмсалғаны белгісіз болғандықтан, ол сотқа жүгінген.

"Мен бұл қаржыны қайтарғым келеді. Себебі ол бастапқыда көрсетілген мақсаттарға жұмсалмады", – деп атап өтті ол.

Іс материалдарына сәйкес, қайырымдылық қорына жиналған қаражат мүгедек балаларды оңалту орталығын ашуға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестинадағы соғыс құрбандарына көмек көрсетуге бағытталуы тиіс болған. Алайда тергеу мәліметтері бойынша, бұл қаражат жеке мақсаттарға жұмсалған.

Айта кетейік, сот процесі жартылай жабық түрде өтуде. Бұған дейін Перизат Қайрат уақытша тергеу изоляторында соққыға жығылғанын мәлімдеген болатын. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл мәлімдемені жоққа шығарып, бақылау камераларынан алынған бейнежазбаны жариялады.

Тэгтер:

Геннадий Головкин Перизат Қайрат бокс қолғабы