Қазақ жауынгері өнер көрсететін UFC турнирінің билеттері бір минуттың ішінде сатылып кетті

14 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Chris Unger/Zuffa LLC via Getty Images. Суретте: Дияр Нұрғожай

23 тамызда Шанхай қаласында өтетін UFC Fight Night 257 турнирі қазақстандық спорт сүйер қауым үшін ерекше оқиға болмақ. Себебі аталмыш турнирде қазақстандық файтер Дияр Нұрғожай өзінің кезекті жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бұл жаңалық шыққаннан кейін UFC жанкүйерлері арасында ерекше қызығушылық туындап, билеттер небәрі бір минуттың ішінде түгел сатылып кетті.

Бұл туралы UFC президенті Дана Уайт 13 шілде күні өткен UFC on ESPN 70 турнирінен кейінгі баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

"Қытайдағы турнир туралы айтқаным есіңізде ме? Біз Қытайдағы UFC турниріне арналған билеттерді бір минуттан да аз уақытта сатып жібердік", – деді ол.

Шанхайда өтетін UFC Fight Night 257 турнирінің басты жекпе-жегі жартылай ауыр салмақтағы екі мықты спортшының арасында өтеді. Атап айтқанда, бразилиялық Джонни Уокер мен қытайлық Жан Миньян кездеседі. Екеуі де өз елдерінің намысын қорғап жүрген, рейтингте 14-орында тұрған танымал файтерлер.

Ал турнирдің андеркард бөлімінде отандасымыз Дияр Нұрғожай октагонға шығады. Оның қарсыласы – Қырғызстанның үміті, кәсіби рекорды 9 жеңіс пен 1 жеңілістен тұратын Уран Сатыбалдиев. Бұл жекпе-жек UFC тарихындағы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы алғашқы кездесу ретінде тіркелмек.

Тэгтер:

UFC Дияр Нұрғожай билет Дана Уайт Қытай UFC Fight Night 257