Үлкен теннис – бүкіл әлемде танымал спорт түрі. Оны кәсіби спортшылар да, әуесқой жанкүйерлер де жақсы көреді. Бұл ойынның тарихы тереңде жатыр, ал қызықты деректері одан сайын қызықтыра түседі. Назарларыңызға Sportinside.kz ұсынған үлкен теннис туралы 10 қызықты деректі ұсынамыз.
1. Теннистің түп-төркіні – Ежелгі Грекия мен Рим
Тенниске ұқсас ойындар Ежелгі Грекия мен Римде де болған. Ол кезде ракеткалар болмағандықтан, ойыншылар допты алақандарымен немесе таяқпен соққан. Ал 12–13 ғасырларда Италияда "джидоко" деп аталып, допты қолғап, ағаш қалқан немесе былғары белдікпен ұратын болған. Ойын Францияға жетіп, 14 ғасырда кеңінен тарай бастады.
2. Алғашқы доптар ағаш пен ішек қалдықтарынан жасалған
Бірінші теннис доптары ағаштан жасалса, кейінірек ішіне жануарлардың кептірілген ішкі мүшелері, жүн немесе үгінділер салынған былғары доптар пайдаланылды. Мұндай доптармен ойнау қауіпті болған, сондықтан ойын көбіне тастан салынған жабық залдарда өткізілген.
3. Теннис діни рәсімнен бастау алған
Тарихшылардың айтуынша, Ежелгі Мысырда теннис діни салт-жоралғы ретінде ойналған. Бұл дәстүр кейін Испанияға жетіп, монастырларда ғана ойналатын болған. Шіркеу бұл ойынды тыймақ болғанымен, тек төрт ғасыр өткен соң ғана теннис діни шеңберден шығып, халық арасына тарады.
4. "Теннис" сөзі француз тілінен шыққан
"Теннис" атауы француз тіліндегі "Tenez!", яғни "Міне, ұста!" немесе "Қарсы ал!" деген сөзден шыққан. Бұл сөзбен ойыншы қарсыласына доп лақтырарын білдіретін болған.
5. Қазіргі тенниске Англия негіз салды
Қазіргі тенниске ұқсас ережелерді 1873 жылы ағылшын офицері Уолтер Уингфилд құрастырған. Ол бұл ойынды патенттеп, пайда тапқысы келді, алайда табысы болмады. 1877 жылдан бастап Англияда әйгілі Уимблдон турнирі өткізіле бастады.
6. Неліктен есеп 15-30-40 болып жүреді?
Теннисте есеп әдеттегі 1-2-3 емес, 15, 30, 40 түрінде жүреді. Бұған екі түрлі нұсқа бар. Біріншісі – есеп сағаттың циферблатымен өлшеніп, әр ұпай сағат тілімен бір ширекке жылжып отырған. 45 саны кейін ыңғайлы болу үшін 40-қа қысқартылған. Екіншісі – Франция мен Германияда тенниске ақша тігілген, әр ұпай 15 динарға бағаланып, 60-қа дейін ойнаған.
7. Поло жейделері алдымен теннис үшін жасалған
1926 жылы француз теннисшісі Рене Лакост ыңғайлы жейде ойлап тауып, оны крокодил логотипімен танытты. Кейін бұл жейделер басқа спорт түрлеріне де таралып, "поло" жейдесі деп атала бастады. Лакост кейіннен атақты Lacoste брендіне негіз салды.
8. Ерлер мен әйелдер арасында ойнаған жалғыз теннисші
Америкалық Рене Ричардс – тарихта бірінші және жалғыз теннисші. Ол ерлер арасында ойнап жүріп, кейін жынысын ауыстырып, әйелдер арасындағы ресми жарыстарға қатысқан.
9. Сары түсті доп тек 1972 жылы пайда болды
Бұрын теннис доптары ақ немесе қара болған. 1972 жылы теледидардан жақсы көрінетін "оптикалық сары" түс пайда болды. Қазір жыл сайын әлемде 300 миллионға жуық теннис добы шығарылады.
10. 95 жастағы ойыншыларға арналған турнир
Калифорнияның Палм-Спрингс қаласында 95 жастан асқан ойыншыларға арналған алғашқы турнир өтті. Бұл жарысты АҚШ Теннис қауымдастығы ресми түрде мақұлдаған. Сонымен қатар 90 жастан асқан теннис ардагерлері арасында халықаралық "Люри кубогы" да өткізілген.