19 жастағы қазақ қызы Әлем кубогында қатарынан екінші сенсацияға қол жеткізді

Бүгін, 11:56 / Ахмет Қанатұлы
FIDE баспасөз қызметі. Суретте: Меруерт Камалиденова

Грузияда өтіп жатқан шахматтан Әлем кубогында үшінші кезеңнің бірқатар кездесулері аяқталып, нәтижесінде ширек финалға жолдама алған спортшылар анықталды. Олардың қатарында Қазақстан өкілі Меруерт Камалиденова да бар, деп хабарлайды Sportinside.kz.

19 жастағы қазақстандық шахматшы Батуми қаласында өтіп жатқан турнирдің ширек финалына шығу үшін қазіргі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, рейтингте 2413 ұпайы бар ресейлік Анна Шухманды жеңіп кетті.

Айта кетейік, Меруерт Камалиденова бұл жарысқа 59-нөмірмен тіркелсе, оның қарсыласы 27-нөмірмен қатысқан болатын.

Үшінші раундтағы кездесу Меруерттің пайдасына 1,5:0,5 есебімен аяқталды.

Бұған дейін де қазақстандық шахматшы тағы бір сенсациялық жеңіске қол жеткізіп, Әлем кубогының қазіргі чемпионы, тағы бір ресейлік Александра Горячкинаны жарыстан шығарған еді. Осылайша, Камалиденова екі күн қатарынан FIDE баспасөз қызметінің назарында жүр.

Ал Қазақстанның тағы бір жас таланты – 15 жастағы Елназ Қалиахмет жарыстағы жолын аяқтады. Ол өзбекстандық Умида Омоноваға 0,5:1,5 есебімен есе жіберді.

Айта кетейік, жүлде қоры шамамен 700 000 долларды құрайтын турнир 28 шілдеде аяқталады.

Тэгтер:

шахмат Меруерт Камалиденова