"Өтірік, әділ болмады" деп сұқбат берді: Бағым Мұхитденова Мөлдір Әуелбекованы ұзақ уақыт кешіре алмаған

14 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
smartnews.kz

Танымал продюсер Бағым Мұхитденова тележүргізуші Аман Тасығанға берген сұхбатында KeshYou тобының бұрынғы мүшелері өзіне талай мәрте реніш сыйлағанын айтты.

Мұхитденованың айтуынша, бүгінде қыздармен жұмыс істеу әлдеқайда жеңілдеген. Алайда өткен шақта ол шығармашылықтағы серіктестерінен жиі көңілі қалып отырған. Әсіресе Мөлдір Әуелбекованың топтан кеткен кездегі әрекеттері мен мәлімдемелері продюсердің жүрегіне ауыр тиген.

"Қазір қыздармен жұмыс істеу қиын емес. Бұрын қатты қиналатынмын. Сыртымнан көрген адамдар мені ашушаң, зұлым деп ойлайды. Шын мәнінде, олай емес. Мен өте мейірімді, сезімтал, шығармашыл адаммын. Мені өкпелетсе, мен ренжимін, шын жүрегіммен алаңдаймын, жылаймын", – деді продюсер.

Продюсердің айтуынша, топтан кеткен кейбір әншілер кейіннен шын жүректен кешірім сұраған. Десе де Бағым ханым кешірімді тез бере қоймайтын адам екенін де жасырмады.

"Меніңше, кешіре алатын адамдар әулие сияқты. Өте ұзақ өкпелеймін. Мүлдем кешірмеймін деп айтпаймын, бірақ 10 жыл өкпелеп жүруім мүмкін. Мөлдір Әуелбекованы ұзақ уақыт кешіре алмай жүрдім. Қазір бәрі жақсы, араласып тұрамыз. Оның тарапынан "әділ болмады, өтірік" деген сарындағы сұхбаттар көп болды. Сол үшін қатты өкпеледім. Ең бірінші топтан кеткен де Мөлдір болды, қатты жаныма батты. Түнімен жылайтын едім", – деді Бағым Мұхитденова.

Айта кетейік, Мөлдір Әуелбекова KeshYou тобынан ең бірінші болып кеткен әншілердің бірі. Одан кейін де топтан бірнеше әнші ауысқан болатын. Ал Мұхитденова бұл жобаның продюсері ретінде біраз уақыт бойы топты табысты деңгейде ұстап тұрды.