"Жүрекке ауыр тиді": дәрігердің сіңлісі Елдос Колобоктың отбасынан кешірім сұрады (ВИДЕО)

13 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
видеодан скриншот. Суретте: Перизат Байқошқарова мен Елдос Кәдірханов

"Экомед" клиникалар желісінің жетекшісі Салтанат Байқошқарованың сіңлісі, дәрігер Перизат Байқошқарова блогер әрі әзілкеш Елдос Кәдірханов пен жұбайы Таңшолпаннан, сондай-ақ бүкіл қазақ халқынан ресми түрде кешірім сұрады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі бейнеүндеуінде мәлімдеді.

Перизат Байқошқарованың айтуынша, Елдос пен Таңшолпанның бала сүю арманына жетуіне себепкер болған нәтижеге клиника ұжымы ерекше қуанышты.

"Айналайын Елдос, Таңшолпан! Сіздердің жеткен жетістіктеріңізге бүкіл ел қуанып жатыр. Астанадағы орталығымызда ұрық табылып, эмбрион дайындалды. Бұл – біздің орталықтағы жаңа технологиялардың арқасы. Эмбрионнан бөлек, биоматериал да сақтаулы", – деді ол.

Перизат Байқошқарова мұндай озық технологиялар Астана ғана емес, Алматы, Шымкент, Ақтөбе мен Атыраудағы клиникаларда да бар екенін атап өтті.

Ол жақында жариялаған сөздерінің кейбір жандарға ауыр тигенін мойындап, бұл мәлімдемелердің ешқандай жаман ниетпен айтылмағанын түсіндірді.

"Иә, Елдос бауырым бұрын хабарласқан еді. Ол кезде бізде қажетті технология болмады. Ал қазір бар. Мен тек сол жетістіктерімізді бөлісіп, басқа жандарға үміт сыйлағым келді. Бірақ сөзімнің бір бөлігі дұрыс жетпей, кейбір жүректерге ауыр тиді", – деп ағынан жарылды дәрігер.

Ол сондай-ақ өзінің журналист емес екенін, сондықтан сөздері бұрмаланып кетуі мүмкін екенін мойындап, келтірілген реніш үшін шынайы кешірім сұрады.

"Елдос дұрыс айтты: бәрі дәрігер емес. Мен де журналист емеспін. Сол себепті сөздерім кейде толық әрі дұрыс жеткізілмеуі мүмкін. Елдос пен Таңшолпаннан, барша Қазақ елінен кешірім сұрай отырып, осы видеомен түсініспеушілікті аяқтағым келеді", – деп түйіндеді Перизат Берденқызы.

Тэгтер:

Елдос Колобок Перизат Байқошқарова