Танымал әнші Сәкен Майғазиев журналист Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында анасының қазіргі жағдайы жайлы жүрек тебірентерлік сырын бөлісті.
Сәкен Майғазиевтің айтуынша, анасы бүгінде 88 жаста. Алайда кейде өзін 94-темін деп айтып қалады екен. Соңғы уақытта ол кісі жиі ұмытып, бір нәрсені бірнеше рет қайталап айтатын болған. Әншінің сөзіне қарағанда, бұл жағдай әпкесінің дүниеден өткенінен кейін күшейе түскен.
"Былтыр әпкемізден айырылдық. Анам сол әпкеммен өте жақын еді. Олар көрші тұрды, әпкем күнде екі рет келіп, тамақ әкеліп, көңілін аулайтын. Немерелері де жиі келетін. Анам: "Жанымдағы жарығым" деп отыратын. Ең үлкен әпкеміз 1958 жылғы еді. Сол кісіге арқа сүйеп үйреніп қалған ғой. Сол кісі өмірден өткен соң анамыз мүлде тұйықталып кетті", – дейді әнші.
Сәкеннің айтуынша, бұған дейін анасы Алматыға еріп жүре беретін. Ал қазір қайтыс болған қызы есіне түсіп, ешқайда шыққысы келмейтін күйге түскен.
Әнші сұхбат барысында ата-аналар тірі кезінде оларды белсенді ұстау, қыдыртып тұру керектігін айтып, жастарға ой салды. Сондай-ақ, бірқатар өнер адамдарын ата-анасына жасаған құрметі үшін ерекше атап өтті.
"Бүркіт, Ерке Есмахан, Медеу Арынбаев, Дәулет Тұрлыханов, Жеңіс Ысқақова сияқты өнер адамдарының ата-анасына жасап жүрген жақсылығына қарап риза боламын. Осындай қамқорлық керек. Ал анам болса, қазір өз-өзін тастап жібергендей. Аталатпасаң да, боталатпа деген осы екен", – деп түйіндеді Сәкен Майғазиев.