Үндістандық теннисші Радхика Ядав Гургаон қаласындағы өз үйінде туған әкесі Дипак Ядавтың қолынан қаза тапты. Қайғылы оқиға кезінде Радхика небәрі 25 жаста болған, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Ол кәсіби деңгейде ITF турнирлеріне қатысып жүрген, кейінгі жылдары Гургаонда жеке академиясында жаттықтырушы болып жұмыс істеген.
Полицияның болжамы бойынша, қылмыстың себебі – қызының жетістіктері мен табыс көзіне байланысты туындаған тұрмыстық жанжал болған. Полиция инспекторы Винод Кумардың айтуынша:
"Әкесі жергілікті тұрғындардың мазағына ұшыраған. Олар үнемі қызының табысына тәуелді болып отырғанын айтып, намысына тиетін сөздер айтқан. Ол бірнеше мәрте қызынан академиядағы жұмысын тоқтатуды сұраған, бірақ Радхика бас тартқан. Соңында ол мұны көтере алмады", – дейді полиция қызметкері.
Радхика Ядав ITF рейтингінде ең үздік нәтижесімен 2024 жылдың наурыз айында 1999-орында тұрған.