Актриса әрі тележүргізуші Жұлдыз Әбдікәрімова жалғыз өзі жаңа үйдің құрылысын қадағалап жүргенін айтып, әлеуметтік желідегі оқырмандарына жан сырын ақтарды.
Аяғы ауыр Жұлдыз жөндеу жұмыстарының ойлағандай жүрмей жатқанына налиды. Оның айтуынша, басында бәрі жақсы басталғанымен, аяқ астынан берекесі қаша бастаған:
«Жөндеу жұмыстарының жоспарланған уақытта бітпейтініне көзім жетті. Мұншалықты шашылып кетеді деп ойламаппын. Не себеп? Қай жерден қате кетті? Қай сәтте көзден таса қалды? – деген сауалдар мазалап тұр», – деп жазды ол парақшасында.
Сонымен қатар, актриса оқырмандарынан үй салу немесе жөндеу кезінде бастарынан өткен қиындықтармен бөлісуді сұрады.
Жұлдыздың жазбасы көптің көңілін қозғап, пікір жазған әйелдердің басым бөлігі жөндеу мен құрылыс кезіндегі барлық ауыртпалықты өздері көтергенін, ал күйеулері көмек көрсете қоймағанын ашық айтқан.
«Жөндеу біткенше күйеуіммен ұрысып, тіпті ажырасуға дейін бардық. Жұмысшыларға төледік, бірақ ламинатқа ақша жетпей қалды. Жалдамалы пәтерде тұрып жатқанда, өз үйіміздің цементіне балаларымды алып барып, сонда түнедік. Ертеңінде айқайлап, жүйкесін жұқарттым», – деп жазды бір келіншек.
Тағы бір оқырман:
«Күйеуім вахтада болды. Перзентханадан шыға сала үйдің шаруасына кірістім. Базарда да жұмыс істедім. Қазіргі таңда әйелдер бәріне белсене кірісіп жүр. Алғыстың орнына сын естиміз», – деп күйзелісін жеткізді.