«Әйелдер еркек рөлін қабылдайды»: Риза Мұсаханова түрмедегі шындықты жайып салды (ВИДЕО)

11 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
NUR.KZ/Петр Карандашов

Алаяқтық дерегі бойынша екі жыл сегіз айға сотталып, жазасын толық өтеп шыққан Риза Мұсаханова абақты ішіндегі әйелдердің өмірі туралы шынайы әрі жан түршігерлік мәліметтермен бөлісті. 

Оның айтуынша, түрмеде ұзақ отырған әйелдер тұлғалық ерекшеліктерін жоғалтып, мүлде басқа бейнеге енеді:

«Мінез-құлқы, болмысы өзгереді. Бірі – еркек, бірі – әйел рөлін алады. Әйелдік болмысы көмескі тартады, өмірге деген көзқарасы өзгереді», – дейді ол.

Риза түрмедегі жағдайдың ауырлығын сипаттай отырып, жылдар бойы ер адам көрмеген әйелдердің өз еркімен еркектік бейнеге еніп кететінін айтты:

«Кеудесін таңып тастайды, шашын қырып тастайды. Жүрісі де, сөйлегені де, тіпті дене қимылы – бәрі еркекке ұқсап кетеді».

Сондай-ақ, ол жаңадан келген жас қыздардың бастан кешетін ауыр жағдайын сөз етті:

«Жаңадан түскендерді бұрыннан отырғандар иемденіп алады. Өзара "әйел" мен "күйеу" рөлін ойнайды. Егер қыздар қарсы шықса, қорқытады, ұрады. Ақыр соңында көнуге мәжбүр болады».

Риза Мұсаханованың айтуынша, мұндай жағдайлар түрме ішінде қалыптасқан ережелерге негізделген және оған қарсы тұру өте қиын:

«Ұзақ отырғандар жазылмаған заң орнатады. Жаңа түскендер амалсыздан соған бағынады. Ер адамдардың жоқтығынан әйелдер өзара жақындасып, қарым-қатынас орнатады», – деп қорытындылады ол.