фото: Спортты дамыту дирекциясы. Суретте: Ақмарал Науатбек
Париждегі Паралимпиада ойындарына дейін дәрігерлер оған алты айдан артық өмір сүрмейді деген ауыр болжам жасаған. Алайда ол мойымай, жаттығуын жалғастырып, Олимпиада чемпионы атанды.
Ауыр диагноз – үмітке тосқауыл емес
Қазақстандық спортшы Ақмарал Науатбекке 1 типті қант диабеті диагнозы қойылған. Жарыс алдындағы дайындық кезінде Түркияда медициналық тексерістен өткен спортшыға жергілікті дәрігерлер мүлде үміт артпаған. Олар:
"Қаныңдағы қант мөлшері қалыпты деңгейден бірнеше есе артық. Мұндай жағдайда адамдар не комаға түседі, не өмірден өтеді. Мен мұндай жағдайды 25 жылдық тәжірибемде бірінші рет көріп тұрмын," – деген.
Дәрігерлердің болжамынша, егер денсаулығын ерекше бақылауға алмаса, Ақмарал алты айдан артық өмір сүрмейді екен. Бұл сөзді естігенде ең жақын адамдары да үмітін үзген. Анасы:
"Алты ай өмір қалды, енді қандай Олимпиада?" – деп жылаған екен.
Бірақ ол сенімін жоғалтпады
Ауыр болжамға қарамастан, Ақмарал жаттығуды тоқтатқан жоқ. Ол:
"Мен өз арманыма сендім. Мен татамиге шығатыныма сенімді болдым. Басқалардың сенбегені менің сенімімді сөндіре алмады," – дейді Zamandas YouTube арнасына берген подкастында.
Ол күнделікті жаттығуын жалғастырып, шектеусіз еңбек еткен. Түркиядан елге оралған соң да, жаттығуын үзбей, тек жеңіске сеніп жүрді.
Парижде алтын медаль иеленді
Ақмарал Науатбек Париждегі Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Бұл — тек спорттық жетістік қана емес, адам рухының мызғымас күшінің дәлелі. Ол медициналық үкімге, қоғамдағы күмәнге қарамай, өз жолынан таймады.