Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет (14 жеңіс, 12 нокаут) 12 шілдеде Мексикада өтуі тиіс болған жекпе-жектің болмайтынын хабарлады, деп жазады Sportinside.kz.
BoxRec.com сайтының мәліметінше, Бек Нұрмағанбет Кульякан қаласында мексикалық Хавьер Каррера Тинахеромен (15 жеңіс, 13 жеңіліс, 12 КО) жұдырықтасуы керек еді. Алайда Бек бұл жекпе-жек өтпейтінін өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
"Бәрі сіз ойлағандай оңай емес", – деп жазды боксшы, алайда нақты себебін ашып айтқан жоқ.
Бұл – Бек Нұрмағанбеттің қатарынан екінші жекпе-жегінің өтпей қалуы. Бұған дейін 25 мамырда Сан-Диегода (АҚШ) Гондурас өкілі Карлос Фидель Гуйти Мирандаға (7-2, 3 КО) қарсы кездесуі де өтпей қалған еді.
Бектің соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың 6 сәуірінде Филадельфияда (Пенсильвания штаты, АҚШ) өтті. Онда ол коста-рикалық Энкарнасьон Диасты (20-6, 11 КО) бірінші раундта нокаутпен жеңген болатын.