Алматы маңындағы тауда жоғалып кеткен 18 жастағы жігіттің денесі табылды

11 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы

Алматыға жақын тауларда жоғалып кеткен 18 жастағы жігіттің қаза тапқаны анықталды.

“Қаза тапты. Табылды. Марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз”, – деп жазды еріктілер.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі де бұл ақпаратты растады.

“Жас жігіттің мәйіті табылды. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталуда”, – делінген полиция хабарламасында.

Еске сала кетейік, 18 жастағы Ақылбек Нұрислам 2 шілде күні тауға шығып, содан кейін байланысқа шықпаған. Жақындарының айтуынша, оның соңғы рет телефоны Үлкен Алматы шатқалы маңында тіркелген.

Іздеу жұмыстарына 40-тан астам адам жұмылдырылды. Олардың қатарында Алматы қалалық құтқару қызметі (109), республикалық жедел-құтқару жасағы, ТЖД, шекара қызметі, полиция және еріктілер болды. Іздеу барысында тікұшақтар, кинологтар мен дрондар да қолданылды.