"Екіжүзділік – өте қауіпті жол": Айжан Аймағанова прокурор ретінде ұстанатын қағидаларын бөлісті

11 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының баспасөз қызметі

Қысқа уақыт ішінде халықтың ыстық ықыласына бөленіп үлгерген мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова Instagram парақшасында “Прокурор ана” тақырыбында мазмұнды жазба жариялады.

Салтанат Нүкенованың ісімен танылған құқық қорғаушы әлеуметтік желіде заң саласына қатысты пайдалы кеңестерімен, кәсіби тәжірибесіндегі жайттармен және жеке өміріндегі маңызды оқиғалармен жиі бөлісіп тұрады.

Халық арасында бейресми түрде "Рухты ару" атанған Аймағанова бұл жолы прокурор ананың отбасындағы тәртіп, тыйымдар мен адамгершілік қағидалары туралы ашық жазды.

Оның сөзінше:

Екіжүзділікке жол жоқ: «Үйде біртүрлі, ел алдында басқа кейіпке ену – бұл қосарланған өмір сүру. Мен әрдайым шынайылықты талап етемін. Екіжүзділік – өте қауіпті жол».

Әділетсіздікке бейқамдықпен қарауға болмайды: «Әділетсіздікті көре тұрып үнсіз қалу – сол әділетсіздікке тікелей үлес қосумен тең. Үнсіздік – келісім емес, жауапкершіліктен жалтару. Мен бейқамдыққа жол бермеймін».

Жаман жолға түсетін достардан аулақ болу: «Өзгенің есебінен өмір сүретіндермен араласуға қарсымын. Достыққа тыйым салмаймын, бірақ түсіндіремін: зиянды әрекет пен теріс пиғылды қалыпты деп қабылдау – аса қауіпті».

Ашумен емес, ақылмен әрекет ету: «Айқайлау, кек алу, дөрекілік көрсету – әлсіздіктің белгісі. Жеңістің кілті – сабыр мен парасат».

Адамгершілік пен абырой – бәрінен биік: «Материалдық байлық абыройдың орнын баса алмайды. Ақша – мақсат емес, өмір сүруге арналған құрал ғана».

Адалдық – басты құндылық: «Өзіңе адал болу – өзгеге де адал қызмет етудің негізі».

Лауазымды қызмет – артықшылық емес, жауапкершілік: «Менің қолымдағы билік пен мәртебе – қалқан емес, халықтың артқан сенімі мен үлкен міндет. Оны бас пайда үшін емес, ел игілігі үшін қолданамын».