Шұғыл! Назарбаев тағы бір маңызды лауазымынан айырылды

10 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Ertenmedia.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңесті өз бақылауына алды, деп Sportinside.kz тілшісі Ertenmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін бұл органға экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етіп келген болатын. Алайда Қаңтар оқиғасынан кейін кеңес құрылымында өзгерістер жасалып, енді ол Мемлекет басшысының жанындағы ресми орган ретінде жұмыс істейтін болды.

Жаңартылған кеңестің өкілеттіктері де кеңейді. Енді ол тек Ұлттық қорды басқару саясатын жүргізіп қана қоймай, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) активтерін де бақылауға қатысады.

Сондай-ақ, кеңес Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферт көлемін, оның мақсатты бағыттарын және нысаналы пайдалану тәртібін ұсынатын органға айналды. Сонымен бірге, ірі ұлттық жобаларды қаржыландыру, мемлекеттік активтерді тиімді инвестициялық құралдарға салу сияқты стратегиялық шешімдерді де осы кеңес әзірлейді.

Президент Тоқаев енді кеңестің төрағасы ретінде отырыс күн тәртібін, форматтарын белгілеп отырады. Ең бастысы – дауыс тең түсіп жатқан жағдайда шешуші сөз Мемлекет басшысына тиесілі болмақ.

Кеңестің басқа мүшелері өзгеріссіз қалды. Құрамына Премьер-министр, Мәжіліс пен Сенат төрағалары (келісіммен), Президент Әкімшілігінің басшысы, Ұлттық банк төрағасы, Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі, Ұлттық экономика министрі және Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы кіреді.