Шерзат Болаттың қазасынан кейін қоғамда көп сұрақ тудырған тағы бір оқиға – Нұрғанат Ғайыпбаевтың жұмбақ өлімі. Құзырлы органдар әзірге бұл оқиғаға қатысты нақты ақпарат берген жоқ, тек тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Ал марқұмның әпкесі Перизат Нұрымова осы жағдайға байланысты өз ойын білдіріп, күмәнін жасырмады.
Оның айтуынша, қаралы күнге дейін Нұрғанат үйде болған, ал туыстары оны жоғарғы қабатта ұйықтап жатыр деп ойлаған. Алайда марқұм сол сәтте ешкімге білдірмей сыртқа шығып кеткен.
"Ол маған хат қалдырды деген. Бірақ хатта айтылған сөздер күмән туғызады. Біз екеуміз өте жақын едік, тіпті әпке-сіңліден гөрі дос секілді болдық. Сол хатта "сен маған бәрін үйреттің, демеушім болдың" деп жазылған. Бірақ ол бұрын-соңды ондай ұзақ хат жазып көрмеген. Әдетте қысқа хабарлама не дауыстық қоңырау арқылы сөйлесетінбіз. Сондай ұзақ хат жазу үшін дайындық керек. Бұл оның жазуына мүлде ұқсамайды", – дейді Перизат.
Оның айтуынша, Нұрғанат соңғы хабарламасын бес бауырдың төртеуіне ғана жіберген. Ал ең кіші сіңлісіне мүлде хабарлама болмаған. Осы жайт та күдік тудырып отыр.
"Бәлкім, бұл хатты басқа адам жазған. Біздің бес бауыр екенімізді білмейтін біреу жазуы мүмкін. Кіші сіңліміз – студент, сол себепті оны жасырып отырмыз. Сондықтан бұл жағдай маған өте күмәнді көрінеді. Өз-өзіне қол салатындай адам емес еді. Бұл оқиғада түсініксіз дүние көп", – деп пікір білдірді марқұмның әпкесі.
Айта кетейік, бұл оқиға бойынша адвокат Мейірман Шекеев те пікір білдіріп, тергеу жұмыстарының қай деңгейде жүргенін алдағы уақытта хабарлайтынын жеткізген.