Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Дамир Буданбеков Астанада өткен Әлем кубогындағы кейбір боксшылардың өнеріне қатысты пікір білдірді, деп Sportinside.kz тілшісі Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тәжірибелі бапкер ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбайлардың дайындығына тоқталып өтті.
"Нұрбектің шаршағаны анық байқалады. Орысша айтқанда, бұл – "переутомление". Көзінен-ақ оның шаршағанын көруге болады. Соңғы кездері ол көп жарысқа қатыса қойған жоқ, бұл да өз әсерін тигізді. Дегенмен, Нұрбек әлі де бабына келеді деп сенемін", – деді Буданбеков.
Сондай-ақ, ол Айбектің әлеуетіне де баға берді.
"Аса ауыр салмақта сенімді жұдырықтасуы үшін Айбекке әлі де тәжірибе мен дайындық қажет. Бұл салмаққа енді ғана бейімделіп келеді. Салмақ қосқаны байқалады. Алда Олимпиадаға дейін үш жыл бар, бәрі өз жолына түседі".