Алматы әйелдер бокс құрамасының аға жаттықтырушысы Долкунжан Камеков Астанада өткен Әлем кубогының нәтижелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Оның айтуынша, турнир ұлттық құрама үшін маңызды сынақ болды.
– Өз елімізде ұйымдастырылған Әлем кубогының кезеңі біздің спортшылар мен бапкерлер үшін үлкен емтихан тәрізді өтті. Жалпы алғанда, команда өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Дегенмен, бәрі мінсіз болды деп айта алмаймыз – жетілдіруді қажет ететін тұстар бар. Ең маңыздысы – біз әр спортшының мүмкіндігін бағалап, болашақта қандай бағытқа назар аудару керектігін түсіндік, – деді Камеков.
Жаттықтырушы Назым Қызайбайдың өнеріне жеке тоқталды. Оның сөзінше, Назым жеңіл жарақатына қарамастан финалға дейін жетіп, жоғары деңгейдегі техникалық және тактикалық дайындық көрсеткен.
– Ол тамаша жекпе-жектер өткізді, нағыз спортшыға тән мінез көрсетті және өз салмағында үздік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, – деді бапкер.
Еске сала кетейік, Астанада өткен Әлем кубогында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Назым Қызайбай алтын медаль жеңіп алды.