Пауэрлифтингтен Азия чемпионы, 19 жастағы Сергей Веселов Сауд Арабиясының Мәдина қаласында қамауға алынды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спортшының әкесінің айтуынша, Сергей 19 маусым күні Астанадан Ыстанбұлға демалуға кеткен. Алғашқы бір апта бойы туыстарымен байланыста болғанымен, кейіннен хабар-ошарсыз кеткен. Ұлын іздестіре бастаған әке оның Мәдина қаласында екендігін анықтаған.
Telegram-дағы "За нами уже выехали" арнасының жазуынша, Сергейдің Сауд Арабиясына не мақсатпен барғаны белгісіз.
"Қазір оның тірі екенін білдік. Тергеу изоляторында отыр. Бірақ нақты қай жерде екені, қандай баппен айыпталып жатқаны белгісіз. Консул уақыт керек деп отыр. Ұлым Сауд Арабиясында екенін растады", – дейді спортшының әкесі.
Бұл жағдайды ҚР Сыртқы істер министрлігі де растады:
"Ол Сауд Арабиясының құқық қорғау органдары тарапынан ұсталған. Қазір Мәдина қаласында. Әзірге ешқандай ресми айып тағылған жоқ. Жағдай нақтыланып жатыр", – деп хабарлады министрлік.
Қазір Веселовтар отбасы ұлына адвокат пен аудармашы жалдау үшін қаражат іздеуде. Олар отандастарынан қолдау сұрап отыр.
Айта кетейік, Сергей Веселов – Шығыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен Азия чемпионы және әлем чемпионатының жүлдегері.