Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық дарынды спортшы Едіге Емберді жарқын жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, 79 келі салмақ дәрежесінде өткен бәсеке негізгі үш спортшы – Азия чемпионатының ересектер арасындағы төртінші орын иегері Хайитбой Абдушукуров, 73 келіде чемпион атанған Ақжол Құрманбек және жастар мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған Едіге Емберді арасында өрбіді.
Жарыс қорытындысы бойынша Едіге Емберді серпе көтеру мен қос сайыс нәтижесінде Азия рекордын жаңартып, чемпион атанды. Ол 153 келіні жұлқа, 194 келіні серпе көтеріп, жалпы 347 келіні еңсерді.
Жарыс нәтижесі:
- 🥇 Едіге Емберді – 347 кг (153+194)
- 🥈 Ақжол Құрманбек – 343 кг (151+192)
- 🥉 Хайитбой Абдушукуров – 337 кг (152+185)
Айта кетейік, Едіге бұған дейін 2022 жылы да жастар арасында әлем рекордын орнатып, Азия чемпионы атанған болатын.