Шерзат Полаттың отбасы неліктен үйсіз қалды: әкімдік уәдесі мен нақты жағдай

10 қаңтар, 2025 / Ахмет Қанатұлы
stan.kz

Қоғамда үлкен резонанс тудырған Шерзат Полат ісі бойынша қаза тапқан жасөспірімнің отбасы әлі күнге дейін тұрақты баспанасыз отыр. Әлеуметтік желіде белсенді блогер Жан Ахмадиев жариялаған видеосы арқылы бұл мәселе қайта көтерілді. Оның айтуынша, Шерзаттың отбасы үйді өздері салып жатуға мәжбүр, өйткені әкімдіктен де, меценаттардан да уәде орындалмаған.

Қайғылы оқиға және уәде етілген көмек

2023 жылдың 12 қазанында Шерзат Полаттың отбасының үйі толықтай өртеніп кеткен. Сол кезде Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі отбасына жаңа үй салып беруге уәде еткен. Бірақ 2024 жылдың ортасына дейін нақты нәтиже байқалмай отыр.

Қаңтарда қоғам белсендісі Айтбек Амангелді үй меценаттардың қолдауымен салынатынын хабарлаған. Алайда одан бері бірнеше ай өтсе де, құрылыс басталмаған.

Жан Ахмадиев: "Үйді енді ешкім салып бермейді"

Блогер Жан Ахмадиев Instagram парақшасында былай деп мәлімдеді:

"Мына үйдің іргетасын Қаржаубайдың өзі құйған. Өздеріңіз түсінгендей, үйді енді ешкім салып бермейді. Алдағы уақытта қаржы жиналуы мүмкін".

Бұл мәлімдеме – қоғамда үлкен толқуға себеп болды. Марқұмның отбасына нақты көмек көрсетілмегені туралы ақпарат желіде кең тарап кетті.

Перизат Нұрымова: "Қалдықты да өзіміз тазаладық"

Stan.kz тілшісі Шерзат Полаттың әпкесі Перизат Нұрымовамен байланысқа шықты. Ол да блогердің сөзін растай отырып, әкімдіктің нақты көмек көрсетпегенін мәлімдеді:

"Әкімдік нақты жауабын бермеген соң, қаржы жиналуы мүмкін екенін айттық. Өртенген үйді өзіміз сүріп тастадық. Қоқысты да өз ақшамызға тазалаттық. Ал кейбір мемлекеттік қызметкерлер көмектестік деп жалған ақпарат таратып жүр".

Оның айтуынша, бұрын әкімдік ұсынған сызбаларды қабылдап, барлық құжаттарды тапсырғанымен, нақты құрылыс жұмыстары басталмаған. Қазірге дейін бір де бір қызметкер отбасымен тікелей байланысқа шықпаған.

Әкімдіктің жауабы: Құжаттар дайын, құрылыс басталмақ

Алматы облысы әкімдігі Stan.kz-ке берген ресми жауабында, өтініш иесінің барлық құжаты толық жиналғанын және құрылыс жұмыстары жақын арада басталатынын хабарлады.

"Көктемде отбасы екі қабатты үй салуға өтініш білдіргенімен, бұрын бекітілген бір қабатты жобамен ғана жұмыс істеуге болатыны түсіндірілді. Қазір құжаттар толық дайын, құрылыс жұмыстары алдағы уақытта басталады", – делінген әкімдік хабарламасында.

Тэгтер:

Шерзат Полат ісі