Ең жас әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай қарсыласын аямай сабап, финалға шықты

5 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Спортты дамыту дирекциясы. Суретте: Санжар Тәшкенбай

Қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбай Астанада өтіп жатқан World Boxing әлем кубогының жартылай финалдық жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Санжар Тәшкенбай жартылай финалда әзірбайжандық Субхан Мамедовпен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.

Осылайша, Санжар Тәшкенбай өз елінде өтіп жатқан турнирдің финалына жолдама алып, шешуші айқаста алтын медаль үшін таласатын болады. Ал Субхан Мамедов жарысты Астанадағы әлем кубогының қола жүлдесімен аяқтады.

Айта кетейік, Санжар Тәшкенбай – 2023 жылғы әлем чемпионы. Сондай-ақ ол 2022 жылы Азия чемпионатында алтын жүлде жеңіп алған. Қазіргі турнирде ол өз жолын ширек финалдан бастап, жапондық Содай Котоны жеңген болатын.

Тэгтер:

Бокс финал Астана Санжар Тәшкенбай әлем кубогы