Әлеуметтік желіде әншілер Бағлан Әбдірайымов пен Еркін Нұржановтың тойда ән айтып тұрған сәтінде, қонақтардың бірінен соң бірі сахнаға шығып суретке түсіп, әншілерге кедергі келтірген видеосы қызу талқыланып жатыр.
Бағлан Әбдірайымов бұл сәтті Instagram парақшасында жариялап, көрерменнің назарын ерекше жағдайға аударды.
– Көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әні дәл осы сахнада, алғаш рет тойда орындалмақ. Екі жасқа арнап айтылып жатқан ерекше сәт. Тіл-көзім тасқа деп, шыбық сындырып қойсаңыздар болады, – деді ол.
Бағлан мен Еркін белгілі «Махаббат назы» әнін шырқай бастаған сәтте, той қонақтары сахнаға шығып, суретке түсуді жөн көрген. Олардың бұл әрекеті әннің шырқалуына кедергі келтіріп, әншілерді ыңғайсыз жағдайға қалдырды.
Желі қолданушылары мұндай қылықты мәдениетсіздікке балап, наразылық білдірді:
– «Осындай әсерлі ән орындалып жатқанда неге мазасын алып суретке түседі?»
– «Қазақтар ән айтылып жатқанда сахнаға ұмтылып, фотоға түсуді әдетке айналдырған»
– «Фотоға түскілерің келсе, арнайы фотозонаға барып, ретімен түссеңдерші. Мәдениет керек қой»
– «Ән тыңдау орнына, сахнаға ұмтылу – бұл жабайылық!»