Қазақ боксшылары Нидерландыдағы турнирде 5 алтын еншілеп, командалық есепте топ жарды

10 маусым, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Спортты дамыту дирекциясы. Суретте: Махмұд Сабырхан

Қазақстанның ерлер құрамасы Нидерландының Эйндховен қаласында өткен беделді «Eindhoven Box Cup» турнирінде керемет өнер көрсетіп, 5 алтын және 3 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Бұл жарыс қазақстандық боксшылар үшін үлкен сынақ қана емес, өз мүмкіндіктерін дәлелдейтін алаңға айналды. Сонымен қатар, турнир барысында күтпеген жеңілістер мен шулы финалдық жекпе-жектер де болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Фаворит Сабырхан сенсациямен турнирден шығып қалды

2023 жылғы әлем чемпионы Махмұд Сабырханның жарыс жолы күтпеген жерден тоқтады. 1/4 финалда ол украиналық жас боксшы Максим Зименкоға сенсациялық түрде жеңіліп қалды. Жекпе-жек турнирдегі ең қызықты кездесулердің бірі саналды. Зименко қарсыласына алғашқы секундтардан-ақ жойқын шабуылдар жасай бастады. Сабырхан шабуылға қарсы күрес жүргізудің орнына ашық айқасқа кіріп кетті. Соның салдарынан жекпе-жекте украиналық боксшы үстем түсіп, Сабырхан жарыстан шеттетілді.

Ертуғанның жүрекке әсер еткен оқиғасы

Былтырғы ел чемпионы Ертуған Зейнұллинов өзінің жаттығуларын курьер болып жұмыс істеумен қатар алып жүргенін ашық айтқан болатын. Өкінішке қарай, оның жартылай финалдағы кездесуі азербайжандық Әли Абдуллаевпен ауыр жарақатпен аяқталды. Үшінші раундта қос боксшы да қатты жарақат алып, жекпе-жек тоқтатылды. Төрешілер шешімі бойынша Абдуллаев келесі кезеңге өтті. Ертуған «қола» медальмен шектелді.

Аққалыков пен Тоғамбай да жартылай финалда сүрінді

75 кг салмақтағы Сабыржан Аққалыков та жартылай финалда украиналық Джамал Құлиевке жол берді. Бірінші раунд тең жағдайда өткенімен, екінші раундтағы нокдаун шешуші сәтке айналды. Ол да турнирді «қоламен» аяқтады.

Тағы бір ерекше кездесу –90 кг салмақтағы жартылай финал болды. Қазақстандық Сағындық Тоғамбай пен өзбекстандық Турабек Хабиболлаев кездескен бұл жекпе-жек нағыз бокс класикасына айналды. Хабиболлаев жылдамдығы мен техникасының арқасында Тоғамбайдың күштік шабуылдарын тойтарып, әділ төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Финалдағы фурор: 5 боксшы – 5 алтын

Қазақстан боксшылары финал күнін нағыз триумфке айналдырды. Финалға шыққан 5 спортшының барлығы жеңіске жетіп, ұлттық құраманың абыройын асқақтатты.

Турнирдің ең шулы кездесуі 70 кг салмақтағы Абылайхан Жүсіпов пен Асадходжа Муйдинходжаев (Өзбекстан) арасындағы финал болды. Жекпе-жек екінші раундта тоқтатылып, дәрігерлер Жүсіповке жарақатына байланысты жалғастыруға рұқсат бермеді. Соған қарамастан, төрешілер Абылайханды жеңімпаз деп жариялады. Өзбекстан бокс федерациясы бұл шешіммен келіспей, наразылық білдірді. Алайда ресми нәтиже өзгеріссіз қалды.

Қорытынды нәтиже және келесі турнир

Қазақстан құрамасы жалпы есепте бірінші орын иеленді:

Бұл нәтижемен Қазақстан боксшылары өздерінің мықтылығын тағы да дәлелдеді. Енді басты назар 30 маусымда Астанада өтетін Әлем кубогы турниріне ауып отыр.

Тэгтер:

Бокс Абылайхан Жүсіпов Махмұд Сабырхан Қазақстан боксшылары Эйндховен Абылайхан Жүсіпов vs Муйдинходжаев Қазақстан – Өзбекстан боксы