"Арақты қалай қойдың?": Алмас Өтешов ішкілікке салынған кезі мен қазіргі кейпін көрсетті (фото)

4 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
instagram.com/almas_uteshov. Суретте: Алмас Өтешов

Белгілі спортшы, ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов соңғы уақытта ел назарынан тыс қалып қойғанымен, өзінің ішкі жан дүниесінде болған күресті жұртпен бөлісіп, үлкен ой салды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Ол өзінің Instagram парақшасына «Алты айдың арасы» атты жазбасын жариялап, бұрынғы қателіктерінен сабақ алғанын ашық айтты.

Алмас бұл жазбасында қиын сәттерде көптеген адамдар «ащы су» арқылы жұбаныш іздейтінін айтып, бұл – жалған жол екенін жеткізді. Спортшының айтуынша, өмірде кездесетін күйік пен қайғыдан арақпен емес, сабырмен және иманмен шығу – жалғыз дұрыс бағыт.

«Бұл суретті салмас бұрын біраз ойландым. Жариялаудың қажеті бар ма, жоқ па деген ойлар көп мазалады. Бірақ өзіме пайдасы болмаса да, қазақтың өзге жастарына ой саларлықтай дүние болсын деп желіге жүктедім», – дейді ол.

Жанкешті күрестен кейін Алмас Өтешов ішімдіктен толық бас тартқанын ресми түрде жария етті. Ол бұл шешімін Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына берген сұхбатында халық алдында Құран ұстап тұрып уәде еткенін еске салды.

«Осы күннен бастап ащы суға жоламаймын деп халық алдында қасиетті Құранның атымен ант етіп, уәде еткенімнен бастау алды», – дейді Алмас.

Өтешов бұл күресте өзін сақтап қалған – ақыл мен қайрат екенін айтып, ұлы Абайдың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген сөзін еске алды. Осы екі қасиеттің арқасында ол өмірінің жаңа парағын ашқанын мақтанышпен жеткізді.

Өзінің жаңа өмір жолына түсуіне тікелей ықпал еткен жандарға да Алмас ерекше алғыс білдірді. Айтуынша, оны туған жері Қызылордаға шақыртып, қызмет ұсынып, рухани әрі моральдық демеу көрсеткен азаматтардың орны бөлек.

"Осы орайда, ең алдымен тура жолға түсірген жаратушы Аллаға сансыз шүкірлік еттім. Және де туған жеріме шақыртып, қолдау білдірген аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлы ағама, қызмет ұсынып жұмыспен қамтамасыз еткен облыстық спорт басқармасының басшысы Артаев Бахтияр ағама айрықша алғыс білдіремін. Оған қоса, рухани қолдау білдірген қазақтың атақты палуаны Тұрлыханов Дәулет көкеме, Мұстафаев Садық ағайыма, Каленов Бағдат ағама, Тәліпов Шалқарбек пен Қуатбек ағаларыма, Айтбаев Ғалым ағама, Тимофеевич Павел (дядя Паша-ға), Өмірбек Мұрат ағама, Сүлеймен Ғалым ағама, Үдербаева Рая апайыма, Байсариев Асқар мен Илья Ильин достарыма және де Қызылордаға келгендегі алғашқы жұмыс орным "Мұз айдыны" мекемесі ұжымы мен тілекші болған барша халқыма шынайы ризашылығымды білдіргім келеді", – деп жазды Алмас Өтешов.

Тэгтер:

спорт Алмас Өтешов ауыр атлетика