2021 жылғы әлем чемпионы Робби Гонсалес Астанада өтіп жатқан Әлем кубогында финалда Нұрбек Оралбаймен кездескісі келетінін айтты, деп Sportinside.kz тілшісі Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Бұл – керемет тәжірибе болды. Бұл турнирді мансабымдағы ең үздіктердің бірі деп айта аламын. Жанымда жақсы адамдар жүр, атмосфера өте тамаша. Бұл қаланың қонақжайлылығы мен турнир ұйымдастырылу деңгейі маған қатты ұнады», – деді америкалық спортшы.
Робби өзінің соңғы жекпе-жегі жайлы да пікір білдірді:
«Бұл өте ауыр кездесу болды. Қарсылас өте мықты дайындықпен шықты. Бұған дейін бірнеше рет спаррингте кездесіп, жеңгенмін. Бүгін ол жеңіс үшін бар күшін салды, соққылары жылдам болды, бірақ мен де қалыс қалмадым», – дейді ол.
Гонсалес алдағы қарсыласы Нұрбек Оралбайды жоғары бағалап, оны Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері екенін атап өтті.
«Маған финалға шығу үшін бір жекпе-жек қалды – бұл менің келесі мақсатым. Қонақүйге барып, видеоны қарап, қателіктерімді талдаймын. Бірақ меніңше, финалдың тағдыры екеуміздің кездесуімізде шешіледі. Мен дайынмын», – деді Гонсалес.
Айта кетейік, 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрбек Оралбай ширек финалда үндістандық Лакшья Чахармен жұдырықтасуы тиіс болған. Алайда қарсыласы жекпе-жекке шықпай, турнирден бас тартқан. Осылайша, Нұрбек жартылай финалға өтіп, кем дегенде қола жүлдені еншіледі. Ал Робби Гонсалес австралиялық Марлон Сивехонды төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.