4 шілдеде АҚШ-тың Тәуелсіздік күніне орай сөз сөйлеген Дональд Трамп UFC жекпе-жегін Ақ үй аумағында өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл бастама 2026 жылы атап өтілетін АҚШ-тың 250 жылдығына арналған іс-шаралар сериясының бастамасы болмақ, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Трамп Айова штатындағы іс-шара барысында:
"Америка тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай ұлттық парктер мен тарихи орындарда арнайы мерекелер өтеді. UFC жекпе-жегін де өткіземіз. Тек елестетіп көріңіз – Ақ үйдің аумағында UFC жекпе-жегі!", – деді АҚШ президенті.
Бұл жоспарды Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт те растады:
"Президент бұл мәселені байыппен қарап отыр", – деді ол.
Ал UFC ұйымының өкілі CNN-ге берген мәлімдемесінде:
"Біз Ақ үймен UFC жекпе-жегін өткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта нақты мәліметтерді айта алмаймыз", – деді.
Айта кетейік, Дональд Трамп пен UFC ұйымының бас директоры Дана Уайт арасындағы достық ұзақ жылдан бері жалғасып келеді. Олардың қарым-қатынасы 2001 жылы басталған. Ол кезде Уайт UFC жекпе-жегін өткізетін орын таба алмай жүргенде, Трамп өзіне тиесілі Trump Taj Mahal (Атлантик-Сити) кешенін ұсынған болатын.